Атырау облысында тұзды көлге баруға тыйым салынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Индер ауданындағы тұзды көл мен жасанды карьерлерге баруға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы аудандық әкімдік ақпарат таратты, леп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, демалушылардың шамадан тыс жиналуына байланысты 28 шілдеден бастап Индер ауданының аумағындағы тұзды көлге және жасанды карьерлерге баруға уақытша тыйым салынады», делінген ақпаратта.

Бұл көл аудан орталығы –Индербор кентінен 12, ал, «Индер-Қарабау» тас жолынан 1,5 шақырым қашықта орналасқан. Мамандардың айтуына қарағанда, көл жыл сайын жер асты суларымен ағып келетін 1,5 млн тонна тұзды ерітіндімен толығады. Су құрамында 22 түрлі химиялық элемент бар. Тереңдігі 50 метрден асады. Жалпы аумағы 110,5 шаршы шақырымды, ұзындығы 40 километрді құрайды.

«Бұл көлдің атын әйгілеген әрі пайдалысы –тұзды су. Оның құрамында 22 түрлі микроэлемент бар. Ең бағалысы – бор, калий, бром, магний. Соның ішінде бор – өте сирек кездесетін элемент. Оны атом энергетикасында да қолданады», -дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында карантин 3 тамызға дейін созылған еді.



Соңғы жаңалықтар