Атырау облысында тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджеттен 43 млн теңге жымқырылмақ болған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тұрғын үй құрылысынан 43 млн теңгені жымқыру тәуекелі анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерлан Досановтың мәліметінше, Мақат ауданында тұрғын үй құрылысынан қаржы жымқыру тәуекелі тоқтамай тұр.

«Мақат ауылында 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау қаупі анықталды. Мақат ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған жұмыстар туралы жалған актіге қол қойды. Тапсырыс беруші төлем жасады. Алайда, тұрғын үй құрылысына қатысты төлем жүргізілгенмен, тиісті жұмыс көлемі орындалмаған. Келтірілген залал сомасы – 43 млн 165 мың теңге», - дейді Ерлан Досанов.

Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік сатып алу бойынша тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің формалды дерегі бар. Ауданның мемлекеттік қызметшілері заңнаманы сақтамайды.

«Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін 428 820 теңге айыппұл түріндегі жазаға тартылды. Лауазымдық қызметтерге тағайындау тәжірибесіне талдау кезінде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынбаған кандидаттар тағайындалатыны анықталды. Бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 680-бабында көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың қабылданбағанын куәландырады. Қазір Мақат аудандық сотына Мақат ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысын жауапкершілікке тарту туралы материалдар жолданды», - деп мәлім етті Ерлан Досанов.

Департамент басшысының пікірінше, бұл ауданда жол сапасы, қоршаған орта тазалығы және еңбек қатынастарының бұзылуына қатысты деректерге мониторинг жүргізілген.

«Біздің департамент осындай проблемалық мәселелердің оң шешілуіне баса назар аударып отыр. Осы орайда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бекітілді. Сол себептен, бюджет қаражатын ұрлаудың алдын алу үшін әрбір нысан бақылауымызда болады», - деді Ерлан Досанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мектепті жөндеу кезінде 20 млн теңгенің жұмысы атқарылмағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар