Атырау облысында Toyota аударылып, жүргізуші мен жолаушы мерт болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Toyota аударылып, жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 3 қыркүйекте болған.

«Атырау-Индер тас жолының 18-шақырымы тұсында Toyota автокөлігі аударылып қалды. Жол-көлік апатына 1998 жылғы жүргізушінің көлікті басқару жүйесін игере алмағаны себеп болғаны анықталды. Оқиға орнында жүргізуші мен 26 жастағы жолаушы алған дене жарақаты салдарынан көз жұмды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері жол жиегіне аударылған автокөліктің жүргізушісіне аталған тас жолдың 17-шақырымы тұсында ескерту жасағаны анықталып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, алтауы ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.

Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 48-шақырымы тұсында Toyotа Camry мен Lada Priora автокөлігі соқтығысқан. Жол апатының салдарынан Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. Ал, Тoyota Camry автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Lada Priora көлігінің бір жолаушысы Мақат аудандық ауруханасына жеткізілді.

Сондай-ақ, сиырға, сосын жүк көлігіне соғылған Toyota Camry жүргізушісі мерт болғанын жазған едік.

Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахань бағыты) тас жолының 430-шақырымы тұсында Toyota Camry автокөлігі әуелі жолдан өтіп бара жатқан сиырды қағып кеткен. Содан соң соққы екпінімен қарсы жолақта келе жатқан Mercedes жүк көлігімен түйіскен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Camry автокөлігінің 1988 жылғы жүргізушісі дене жарақатын алып, оқиға орнында мерт болды. Жеңіл көліктегі 2 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды.

Фото: Атырау облыстыққ полиция департаменті


Соңғы жаңалықтар