Атырау облысында тартылып жатқан көлдерден балық құтқарылуда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Махамбет ауданында тартылып жатқан көлдерден балық шабағы құтқарылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Балық шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Махамбет ауданында 18 көл бар. Оның 8-інде ғана су бар. Соның бірі – Ақтоғай ауылдық округі аумағындағы Бақсай көлінде «Інжу-маржан» ЖШС мен «Құрманғазы» өндірістік кооперативі қызметкерлері балық шабақтарын құтқаруды қолға алды.

«Қазір Махамбет ауданында орналасқан «Бақсай», «Петрушкин», «Алмағамбет», «12 ауыл», «Кіші Қарашығанақ», «Қызылжар», «15 ауыл», «Қоржын» су айдындары Жайық өзенінен толық үзілген. Өр суы қайтқан мезгілден бастап, яғни маусым және шілде айларында табиғат құтқарушылардың көмегімен 200 мыңдай балық шабағы құтқарылған. Мамандар жайылма судан ау құралдарының көмегімен су астындағы балық шабақтарын сүзіп шығарады. Кейін арнайы ыдыстарға салып, тасымалдау арқылы Жайық өзеніне жібереді», - дейді Махамбет аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Бектұрған Сұпығалиев.

Оның айтуынша, балық шабақтарын құтқару жұмысына «Інжу-маржан», «Тілекші», «Қызылбалық», «Каспий рыба Евразия», «Құрманғазы» және «Жамбыл» мекемелері тартылған. Қазір балық шабақтары ұсақ болғандықтан, тамыз айында да құтқару жұмыстары жалғасады. Балықтың қырылу қаупі бар су айдындары бақылауға алынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысыда үш айда 1 мыңнан аса тонна балық қырылғанын хабарлаған едік.






Соңғы жаңалықтар