Атырау облысында табиғатты ластаушылардан 104 млн теңге айыппұл өндірілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш айда табиғатты ластаушыларға салынған 104 млн теңге айыппұл өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында жоспардан тыс 12 тексеру жүргізілген.

«Тексерулердің нәтижесімен экологиялық заңнама талаптарын бұзған 13 дерек анықталды. Заң бұзушылықты жою туралы 6 ұйғарым берілді. Анықталған бұзушылықтарға қатысты 34 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 4 әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарылды. Қалған істер бойынша 4 841 360 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды. Осы кезеңде табиғатты ластаушылар 4 млн 323 мың 360 теңгенің 14 айыппұлын өз еркімен төледі. Бұған қоса өткен жылдары салынған 104 млн 599 мың 738 теңгенің айыппұлы өндіріліп алынды», - деп хабарлады департамент басшысы Әлібек Бекмұхаметов.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Атырауда далаға төгілген катализаторға ұқсас қалдықтар табылғанын жазған болатынбыз.

Кейін аталған қалдықтың төгілуіне қатысты тексеру жүргізілетінін жазған едік.

«Прокуратура тарапынан катализаторға ұқсас қалдықты далаға төккен компанияны анықтау үшін алдын ала талдау жүргізіледі. Қоршаған ортаға қауіпті қалдыққа жауапты компания анықталғаннан кейін ғана тексеру басталады», - деп мәлім етті Атырау облысының табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков.


Соңғы жаңалықтар