АТЫРАУ.ҚазАқпарат – Атырау облысында соңғы үш жылда 68 адам суға батып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін Атырауда 9 жасар бала жоғалып кетіп, оны іздеуге құтқарушылар мен еріктілер қосылған болатын. Кейін оның денесі судан табылған еді.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асхат Ержановтың айтуынша, 9 жасар баланың денесі Перетаска каналынан табылған.
«Бұл каналда мұндай қайғылы оқиға бірнеше рет қайталанып отыр. Мәселен, 2019 жылы Перетаска каналына 2 жасөспірім батып кетті. Бұған каналдағы жұқа мұздың ойылуы себеп болған. Биыл да каналдың мұзы қалың емес», -дейді Асхат Ержанов.
Оның мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда 68 адам суға батып кеткен. Қайтыс болғандардың арасында 20 бала бар.