Атырау облысында соңғы бір аптада 4 адам суға батып кеткен

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биылғы жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарына 8 адам батып кеткен. Оның ішінде 4 дерек соңғы бір аптада тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқат Ержановтың мәліметінше, былтыр су айдындарында 20 адам көз жұмған. Оның ішінде 8 кәмелетке толмаған бала. Шомылу маусымы кезінде 13 адам құтқарылды.

Ал, биылғы жыл басынан бері суға батуға байланысты 8 дерек тіркеліп отыр. Су айдындарынан 4 адам құтқарылған. Соңғы бір аптада су айдындарына 4 адам батып кеткен.

«Мәселен, 1995 жылы туған ер адам Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы бөлігінен шығарылды. Марқұм қылмыстық әрекеттің салдарынан көз жұмуы мүмкін. Сол себептен, мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, материалдар полиция департаментінің қызметкерлеріне тапсырылды. Құрманғазы ауданының Шарон өзеніне батқан 2008 жылғы жасөспірімнің өлімнің себебі – жабдықталмаған жерде шомылу. Осы ауданда 12 жасар жасөспірім аттан құлап, суға батып кеткен. Ал, 59 жастағы әйел де Жайық өзеніне батқаны анықталып отыр. Оның мәйіт» сот-медициналық сараптамаға тапсырылды», - деді Асқат Ержанов.

Оның айтуынша, суға баып кетуге бірнеше себеп әсер етіп отыр. Біріншіден, ересек тұрғындардан тарапынан судағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын ескермеудің соңы өкінішке ұрындырады. Екіншіден, тұрғындар мас күйде суға түседі. Үшіншіден, өз күшіне сенуге болмайды. Төртіншіден, ата-аналар мен туыстары кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне салғырт қарайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 15 жасар жасөспірім канал суына батып кеткенін жазған едік.

Кейін аттан құлаған 12 жасар бала канал суына батқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар