Атырау облысында шетелдік 232 маманның жұмыс істеуіне рұқсат берілген жоқ

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шетелден келетін 232 маманның жұмыс істеуіне рұқсат берілген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Алдияровтың мәліметіне сүйенсек, компанияларға шетелдік жұмыс күшін тарту арнайы комиссияда қаралады.

Комиссия мүшелері шетел мамандарының мамандығын, кәсіби біліктілігін жете тексереді.

«Биыл Атырау облысының компанияларына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 6 226 квота бөлінді. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шетелдіктерге берілетін рұқсаттың үш есе азайғандығын көрсетеді. Комиссия шешімімен бөлінген квота шеңберінде биылғы 1 қыркүйекке дейін жұмыс берушілерге шетелдік азаматтарды жұмысқа алу үшін берілген рұқсаттың саны – 5 255. Оның ішінде жұмысқа 1-ші санат бойынша 33, 2-ші санатқа 732, 3-ші санат үшін 3698, 4-ші санатпен 405 шетелдік маман тартылуы керек. Ал, маусымдық жұмысқа тарту үшін шетелдік жұмыскерлерге 381, корпоративтік ауысым мақсатын 6 рұқсат беріліп отыр», -дейді Мейрамбек Алдияров.

Оның айтуына қарағанда, басқарма жанындағы комиссия мүшелері биыл жұмысқа орналасуға ниет білдірген 232 шетелдік азаматқа рұқсат бермеген. Өйткені, бұл мамандар шетелдік жұмыс тартуға байланысты талаптарға сай келмеген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Мажар инвесторы Атырауда күннен энергия алу жобасын ұсынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар