Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.01 eur/kzt 490.15

    rub/kzt 7.81 cny/kzt 70.64
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Атырау облысында шалғын көбелегінен 100-ге жуық шаруашылық зиян шеккен

2022 жылғы 6 маусым 19:29

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шалғын көбелегінен 100-ге жуық шаруашылық зиян шеккен. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының маңындағы егін алқаптарында шалғын көбелектері қаптаған. Одан егін алқаптарына зиян келіп жатыр.

«Егін алқаптарын құрт, көбелектердің қаптауы 30 жылдан кейін қайталанып отыр. Қазір Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар шақырылды. Улау жұмысы басталды. Құрт, көбелектердің қанша гектар аумаққа жайылып кеткені белгісіз. Бұл анықталып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – егіншілердің егін алқабын, одан кейін жайылымдық жерді қорғау. Жалпы құрт, көбелектер 2020 жылға дейін өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесінде болды. Сол жылы оны тізбеден алып тастады. Биыл оны қайта қосу қарастырылып отыр. Егер өңделетін зиянкестер тізбесіне енгізілетін болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылады», - дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Оның мәліметіне сүйенсек, өңірде егін өсірумен айналысатын 300-ден астам шаруашылық бар. Оның 100-ге жуығы шалғын көбелегінен зардап шеккен.

«Қалыптасқан жағдайдың зардаптарын жою жөнінде аудандарда жедел қызмет ұйымдастырылды. Орал қаласынан келген улау дәрі-дәрмегін шашумен айналысатын 2 көлік күніне шамамен 1000 гектардан астам аумақты қамтиды. Аталған жұмысқа жергілікті бюджеттен шамамен 8-10 млн теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып отыр. Егер улайтын аумақтың көлемі артса, қосымша қаржы бөлу мәселесін қарастыру жоспарланып отыр», - дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында шалғын көбелегі егін алқаптарына зиян келтіріп жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Автор:

Бек Мұстафа

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары