Атырау облысында шалғайдағы ауылдарға автобустар жүретін болды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шалғайдағы ауылдарға қоғамдық көлік қатынайды. Қызылқоға және Махамбет ауданындағы елді мекендерге автобус 1 тамыздан жүре бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиевтың мәлім етуінше, биыл 8 елді мекеннің тұрғындарын тасымалдау үшін мамыр-шілде айларында 3 конкурс өткізілген. Конкурс нәтижесінде «Атырау-Сағыз», «Атырау-Еңбекшіл-Ортақшыл-Есбол-Ақжайық», «Атырау-Сарайшық-Жалғансай» бағыттарына тұрақты түрде қоғамдық көлік қатынайтын болды.

«Конкурс қорытындысына сәйкес жеңімпаз болып танылған «Akzhaiyk-Avtopark» ЖШС-нің қоғамдық көліктері 1 тамыздан бастап жолаушы тасымалдай бастайды. Жаңа бағыттарға тұрақты тасымалдайтын маршруттарды ұйымдастыру, автокөлік жолдарының жай-күйі мен қоғамдық көліктердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі белгіленгеннен кейін жүзеге асырылады», - деді Самат Айтқалиев.

Оның айтуынша, биыл жолаушылардың тұрақты тасымалдануы мен жолақысының қолжетімділігін сақтау мақсатында 62 әлеуметтік маңызы бар маршрут субсидияланады. Бұған жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген.

«Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылына, Махамбет ауданындағы Ақжайық, Сарайшық, Жалғансай ауылдарына қоғамдық көлік күн сайын қатынайды. «Атырау-Сағыз» бағытына қатынайтын бағыттағы жолақы 2 мың теңге тұрады. Ал, «Атырау-Еңбекшіл-Ортақшыл-Есбол-Ақжайық» бағытындағы жолақы құны - 600 теңге. Сондай-ақ, «Атырау-Сарайшық-Жалғансай» бағытымен 400 теңге қатынауға болады. Бұл автобустар жол бойындағы бірнеше елді мекенді қамтиды», - деді Самат Айтқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының екі ауылы «Үздік 30 ауыл» жобасына енгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар