Атырау облысында сайлауды ЕҚЫҰ-ның 14 өкілі бақылап жүр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында сайлауды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 14 өкілі бақылап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, 11 жабық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған.

«Атырау облысында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау бойынша 269 сайлау учаскесі құрылған еді. Оның ішінде 9 аурухана мен 1 әскери бөлімде, уақытша оқшаулау изоляторында 11 жабық учаске жұмыс істеді. Әскери бөлімде сайлаушылар таңғы сағат 6:00-ден бастап өз таңдауын жасады. Ал, өзге жабық сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-де басталды. Қазір бұл сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Дауыс санау жүріп жатыр», - деп хабарлады Азамат Айманакумов.

Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде құқық бұзушылық тіркелмеген.

«Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін жергілікті және халықаралық байқаушылар жұмыс қадағалап отыр. Атырау облысына Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымнан 14 халықаралық байқаушы келді. Сайлау процесінің заңға сәйкес өтуін бақылаушылар қатарында қазақстандық 1500-ге жуық ұлттық байқаушы бар», -деп мәлім етті Азамат Айманакумов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы зағип жан таңғы сағат 7-де дауыс бергенін жазған едік.

Кейін Илья Жақанов Тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен деп пікір білдірген еді.

«Жаңа Қазақстанның келешегі жарқын болуы үшін серпінді істердің жүзеге асуына ұйытқы болатын қайратты, іскер, адал депутат қажет. Елдің сеніміне ие болған сондай депуттаттар ғана әділетті қоғамды құратын болады. Осы тұрғыдан айтқанда, бүгінгі сайлауда жігерлі, білікті, білімді кандидаттың ғана жұлдызы жануы керек. Жаңаруға бет бұрған Қазақстанымыздың болашағы сәулелі, қадамы еркін болып, тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен», -деді Илья Жақанов.


Соңғы жаңалықтар