Атырау облысында полицей үй тонаған 34 жастағы ұрыны ізін суытпай ұстады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында еңбек демалысында жүрген учаскелік полиция инспекторы ұрыны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, тәртіп сақшыларына Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылының 60 жастағы тұрғыны Жауымбай Мұшақұлов жүгінген.

«Шағымданушы белгісіз біреудің әкесінің үйіне терезесін сындырып кіріп, тұрмыстық бұйымдарды ұрлап кеткенін хабарлады. Алайда, сол ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторы Нұрғиса Жамалбеков кезекті еңбек демалысында болған. Инспектор демалыста жүргеніне қарамастан қылмысты ашуға жұмыстанды. Нәтижесінде күдікті ретінде сол ауылда тұратын 1987 жылғы ер адам анықталып, ұсталды. Ұрланған тұрмыстық бұйымдардың құны 200 мың теңгеден асады. Күдікті ұрлаған заттарды иесіне қайтарып берді. Ал, күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еңбек демалысында жүрсе де ұрыны ұстаған Нұрғиса Жамалбековтің шені – полиция майоры.

Ол 10 жылдан бері Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.

«Жұмыс істеп жүрген адамдар еңбек демалысын асыға күтеді. Өйткені, бұл – жылына бір рет алаңсыз демалуға берілетін мүмкіндік. Бірақ, еңбек демалысында жүргенмен, менің арызымды қарап, ұрыны ұстаған Нұрғиса Жамалбековке алғысымыз шексіз. Ауылымызда жұмысын жауапкершілікпен атқаратын осындай инспектор бар кезде қауіпсіздігімізге алаңдамайтын болдық. Тұрғындармен ұдайы қарым-қатынас орнатып, көмек беруге дайын тұратын полицейді қорғанымыз санаймыз» - дейді Шоқпатоғай ауылының тұрғыны Жауымбай Мұшақұлов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ұрланған көлік 15 минутта иесіне қайтарылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар