Атырау облысында Өзбекстанның 91 кәсіпорны жұмыс істейді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Өзбекстанның 91 кәсіпорны жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Атабек Тұрсынбековтің кездесуі кезінде белгілі болды.

Әкімнің мәліметінше, қазір өңірде аталған елдің 91 кәсіпорны тіркелген.

«Біздің елдеріміздің арасында ежелден сауда-экономикалық, көші-қон және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара қарым-қатынасы кең қанат жайған. Мұндай серіктестік тәуелсіздік жылдарында бұрынғыдан да жандана түсті. Көрші ел Атырау облысының сыртқы сауда байланысында маңызды рөл атқарады. Мәселен өткен жылы Атырау облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 45,2 млн АҚШ долларын құрады. Өңірдің көтерме және бөлшек сауда, қызмет көрсету, құрылыс салаларында өзбек капиталы бар 91 кәсіпорын жұмыс істейді», -деді Серік Шәпкенов.

Бас консул Атабек Тұрсынбековтың айтуынша, Атыраудағы жоғары оқу орындарында 200-ге жуық өзбекстандық жас білім алып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 80-нен астам этностың өкілі тұратынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар