Атырау облысында отыз жылда АИТВ инфекциясын жұқтырған 13 адам көз жұмған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 30 жылда АИТВ инфекциясын жұқтырған 13 адам көз жұмған. Ал, биылғы 4 айда аталған дертті 17 адам жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) орталығында адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясын жұқтырған 328 адам диспансерлік есепте тұр.

«Атырау облысында АИТВ инфекциясын жұқтыру дерегі 1993 жылы анықталған. Содан бергі кезеңде 13 адам аталған дерттен қайтыс болды. АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласады. Бұл дертті жұқтырғандар айықпайды. Ауырған пациенттердің иммунитеті инфекцияға қарсы күшейтілген дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін қалыпты болып тұрады. Былтырғы 4 айда 25 адамнан қауіпті инфекция белгісі анықталған еді. Ал, биылғы 4 айда бұл ауруды жұқтырған 17 адам тіркелді. Оның ішінде 5 әйел (29,4), 12 (70,6%) ер бар», -деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.

Орталық дәрігерлерінің айтуынша, бұл инфекцияның таралуының үш жолы анықталып отыр.

Бұл жыныстық, иньекциялық және анасынан балаға жұғу жолымен тарайды.

Биыл АИТВ инфекциясын 13 адам (76,5%) гетеросексуалды жыныстық қатынас кезінде жұқтырған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында былтырғы 10 айда АИТВ инфекциясын жұқтыру 1,8 есе өскенін хабарлаған едік.

Қауіпті инфекцияны жұқтырған 61 науқастың арасында 5 шетелдік, 56 қазақстандық болған.

Дертті жұқтырушылардың дені – ер адам.

АИТВ инфекциясымен тіркелгендер санының артуына тұрғындарды тестілеу көрсеткішінің 10 пайызға өскені себеп болған.


Соңғы жаңалықтар