Атырау облысында өткен ғасырда салынған гидротехникалық нысандар тозған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында өткен ғасырда салынған гидротехникалық нысандардың тозуы 60 пайыздан асқан. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, биыл облыс аумағында су басу қаупі туындамайды. Қазіргі жағдайды тұрақты деуге болады.

«Атырау қаласы мен аудандар әкімдіктерінің берген ақпараттарына сәйкес су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар, 29 мың 800 қапшық, 17 шатыр, 5 294 кереует, 3 660 төсек-орын жабдығы дайындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің нысаналы трансферттері арқылы республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін төмендету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында Махамбет ауданындағы Махамбет және Алға ауылында тұсында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Алайда, Алға ауылында 2021 жылы реперлерді орнату кезінде өзен жағалауының 15-20 метрге ауытқығаны анықталды. Соның салдарынан нығайту жұмыстары тоқтатылды. Жайық өзені арнасының 15-30 метрге өзгеруіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу қолға алынды», -деді Нұрлан Жаңабаев.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменовтің мәліметінше, Атырау облысында 31 гидротехникалық құрылыс нысаны тіркелген.

«Гидротехникалық нысандар құрылысы өткен ғасырдың 60-80 жылдары жүргізілген. Нысандардың нақты тозуы 60%-дан жоғары екені анықталды. Қазір гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі мен сенімділігі күрт төмендеген. Сондықтан гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз әрі сенімді пайдалану, тұрғындар өмірі мен денсаулығына зиян келтіруін болдырмау мәселесі айрықша өзекті болып отыр», -деп мәлім етті Тұрлан Сүлейменов.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Махамбет ауданының Алға ауылының тұсында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер мекемесінің жұмысына сын айтты. «Алға ауылындағы жұмыстарды жеделдету қажет. Геошпунт қағып үлгермесеңіздер, ескі әдіспен қаптарды дайындап, алдын алу жұмыстарын жүргізген жөн. Биылдан бастап жағалауда қорғаныш болмай, өзен арнасы 13-14 метрге дейін ауытқыса, ауылға қауіп төндіреді» -деді Қайрат Нұртаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда шаруалардың дабылынан соң каналдарға төрт түлік үшін су жіберілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар