Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы кеше, 24 қарашада Whatsapp мессенджері мен әлеуметтік желіде ақпарат тараған еді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, оқиға Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округіне қарасты «Ыдырыс» қыстауының маңында болған. Аталған аумақта «Смарт Ойл» ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізіп жатыр.

«Бүгін, 25 қарашада әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексеру үшін Сүйіндік ауылдық округінің әкімі, учаскелік полиция инспекторы мен бейнеролик таратқан жергілікті тұрғын «Ыдырыс» қыстауының маңындағы аумаққа барды. Батырбек ауылынан 8-9 шақырым «Смарт Ойл» ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізіп жатқан жерде мұнай өніміне ұқсас қара сұйықтықтың төгілген орны анықталды. Бүлінген жердің жалпы ауманы шамамен 50 шаршы метрді құрайды. Бұл дерек бүгін таңертең, 25 қарашада Құрманғазы аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Қазір мұнай өнімдеріне ұқсас сұйықтық төгілген жерге жедел-тергеу тобы аттанып кетті», -деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.

«Смарт Ойл» ЖШС биыл жылдың тамыз айынан бері Сүйіндік ауылдық округіне қарасты «Ыдырыс» қыстауына жақын маңда барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл қыстау Құрманғазы ауданының орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгені анықталғанын, кейін тағы бір аумақ мұнай өніміне ұқсайтын сұйықтықпен бүлінгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар