Атырау облысында мектептерге дабыл түймесі орнатылып жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мектептерге дабыл түймесі орнатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, аолиция қызметкерлеріне жүктелген басты міндеттің қатарында білім беру орындарында қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру да бар.

«Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде дабыл түймесін орнату қолға алынып отыр. Қазір дабыл түймесі Атырау қаласындағы 17, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында орналасқан 10 мектепке қондырылды. Сондай-ақ, мектептер мен басқа да білім беру орындары бейнебақылау камераларымен 100 пайызға қамтылды. Оның ішінде 37 білім ошағы «Сергек» жүйесі арқылы жедел басқару орталығына қосылды. Ал, 148 мектепке турникет орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 49 мектепке турникет орнату жоспарланып отыр» -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Оның мәліметінше, полиция департаментінің ұсынысымен мектеп оқушысы бейнеленген макеттер дайындалған. Оған жергілікті мердігер мекеменің демеушілік танытқан.

«Мақсат – көлік жүргізушілерінің назарын жаяу жүргіншілер жолына аударып, жылдамдық асырмауына ықпал ету. Қазір 4 оқушы макеті мектептерге жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өтетін жолға қойылады» -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Индер жолына полиция көлігі үй жануарларының макеті қойылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар