Атырау облысында мектеп тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр
2022 жылғы 10 тамыз 22:56

Атырау облысында мектеп тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жаңа оқу жылында үш мектеп ашылады. Биыл тағы бес мектептің құрылысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, жаңа оқу жылында 200 мектепте алғашқы қоңырау соғылады.

Білім ордаларындағы сабаққа 138 мыңнан астам оқушы келеді.

«Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін 48 жаңа мектептің ғимараты кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Биылғы оқу жылында үш мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыстағы барлық мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталады», -дейді Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, Атырау қаласындағы 63 мектептің жөндеу жұмыстарына 69,5 млн теңге бөлінген.

Күзгі-қысқы кезеңге дайындық кезінде орталық жылу қазандығына қосылған 27 мектептің жылу жүйесі гидравикалық сынақтан өткізілген.

Ал, 36 мектептің жылу қазандығы жылыту маусымына толық дайын.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрберген Құсайыновтың дерегіне сүйенсек, биыл бес мектептің құрылысы басталады.

Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

«Былтыр 4 мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Қызылқоға ауданының Мұкыр ауылында 424 орындық, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 580 орындық, Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында 1 200 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Индер ауданының орталығы – Индербор кентіндегі Көктем орта мектебіне 80 орындық жапсаржай салынды. Ал, биыл республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржыға Атырау қаласында әрқайсысы 600 орындық төрт мектеп пен Индер ауданында 300 орындық мектеп-интернаттың құрылысын бастау көзделіп отыр, -дейді Нұрберген Құсайынов.

Қазір Атырау қаласы мен Жылыой, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бірінші сыныпқа қабылдауға 17 мың өтініш түскенін хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT