Атырау облысында медицина саласына 207 маман жетіспейді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов денсаулық саласына қатысты отырыста емханалар мен ауруханалардың басшылары жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын сынап, істі жандандыруға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі бірінші кезекте тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігін, кейбір медициналық мекемеде бұл мәселе сын көтермейтініне тоқталды.

«109 бірыңғай байланыс орталығына медициналық мекемелердің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайтыны жөнінде шағым жиі түседі. Әсіресе, медициналық қызметтің сапасына, мамандардың деңгейі мен этикасына қатысты шағым өте көп. Демек, бұл емхана мен ауруханалар басшыларының жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын көрсетеді», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, медицина саласына барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау күшейіп, қызметкерлердің еңбекақысы өскен. Егер медициналық мекеме басшылары жұмысты дұрыс ұйымдастырмаса, қатаң шара қолдану керек.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің сөзінше, кемшіліктер мен олқылықтарды жоюға болады. Алайда салада мамандар тапшылығы туындап отыр.

«Мәселен, өткен жылы 278 дәрігер жетіспеген еді. Былтыр 93 дәрігер жұмысқа қабылданды. Алайда, облыстың медицина саласына әлі де 207 маман жетіспейді. Биыл бұл мәселені гранттар бөлу арқылы біртіндеп шешуді жоспарлап отырмыз», - деді А.Байдуәлиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 278 медицина маманы жетіспейтінін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар