Атырау облысында мәслихат депутаттығына таласатын үміткерлердің 21 пайызы - әйелдер

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мәслихаттардың бір мандаттық 125 округіне 383 кандидат тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәслихаттың бір мандаттық 125 округіне 408 кандидат ұсынылған.

Оның ішінде 383 кандидат тіркелген.

«Облыстық мәслихат депутаттарын сайлауға 6 партия ұсынған тізіммен 66 кандидат тіркеліп отыр. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі бір мандаттық 125 аумақтық сайлау округіне 408 кандидат ұсынып, оның 383-і (93,87%) тіркеуден өтті. Ұсынылған 408 кандидаттың 13-і жеке өтініші негізінде тіркеуден алынып тасталды. Ал 12 кандидатқа бүкіл құжаттарды ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылды», -деп хабарлады аумақтық сайлау комиссиясынан.

Орташа алғанда бір мандатқа 3 кандидаттан келеді. Тіркелген кандидаттардың арасында 300 (78,3%) ер, 83 (21,7%) әйел бар.

«Биылғы 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихат сайлауында Атырау облысындағы 9 мәслихатқа 140 депутат сайлануы керек. Оның ішінде 30-ы облыстық мәслихатқа, 25-і қалалық мәслихатқа, 85-і аудандық мәслихат депутаты атанады. Облыстық мәслихатқа 30 депутаттың 15-і (50%) партия тізімі бойынша сайланады», -деп мәлім етті аумақтық сайлау комиссиясынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Мәжіліс депутаттығына 13 кандидат таласатынын хабарлаған едік.

Парламент Мәжілісінің депутатын сайлау бойынша №13 бірмандатты аумақтық сайлау округіне ұсынылған 20 кандидаттың 13-і немесе 65% тіркелген.

Оның 10-ы (77%) өзін-өзі ұсынса, үш партия ұсынған 3 (23%) кандидат тіркеліп отыр. Кандидаттардың арасында жетеуі (53,84%) ер адам, алтауы (46,16%) әйел.

Бір кандидаттың заң талаптарына сәйкес келмегені анықталды. Оның өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар.

Сондай-ақ сайлау комиссиясына көзделген барлық құжатты ұсынбауына байланысты 6 кандидатты тіркеуден бас тартылған.


Соңғы жаңалықтар