Атырау облысында мал жаюға шығып жоғалып кеткен адамды тікұшақпен іздеді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мал жаюға шығып, жоғалған ер адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 30 жастағы ер адам бүгін, 10 мамырда түсқайта табылған.

Бұған дейін жазғанымыздай, ер адам кеше, 9 мамырда сағат 08:00 шамасында мал жаюға шыққан. Содан кейін одан еш дерек болмаған.

Бір күн бұрын 30 жастағы жігіт өріске мал айдап шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Ол бүгін, 10 мамырда жергілікті сағат 11:15-ке дейін тұрғылықты жеріне оралмаған.

«Жоғалған ер адамды іздестіру бүгін, 10 мамырда жергілікті уақытпен сағат 11:15-те басталды. Департамент қызметкерлері мен туыстары оны тікұшақпен іздеді. Іздестіру жұмысы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 150 шақырым радиуста жазық далада жүргізілді. Бүгін түсқайта ер адам аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықтағы Биікжал учаскесінен табылды. Ол бұл учаскеге өзі жеткен. Аман-есен табылған жігіттің денсаулығына зақым келмеген. Сол себептен алғашқы медициналық көмекті қажет етпеді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Іздестіру жұмысына облыстық төтенше жағдайлар департаметінен 6 қызметкер, туыстарынан 4 адам, аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер қатысты.

Әуеден барлау жүргізуге «Қазавиақұтқару» АҚ 5 адамдық экипажымен «Ми-8МТВ UPMI844» тікұшағы тартылды.

Сондай-ақ, іздестіру тобына бір иісшіл ит қосылды.

Автор: Бек Мұстафа

Соңғы жаңалықтар