Атырау облысында мал ұрлап жүрген қылмыстық топ ұсталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мал ұрлап жүрген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 1-10 наурыз аралығында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді.

«Іс-шара аясында құрылған 10 арнайы топ мүшелері мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 331 автокөлікті, мал және ет өнімдерін сататын 204 орын мен 489 шаруа қожалығын тексерді. Шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды және ұжымдық шаруа қожалықтарын тексеру кезінде заңсыз сақталған бір атыс қаруы тәркіленді. Ал, қару иелеріне азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сатып алу, сақтау, пайдалану және тасымалдау бөлігін бұзғаны үшін 18 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасақталып, 275 670 теңгенің айыппұлы салынды», -дейді департамент бастығы Нұрхат Оразбаев.

Сондай-ақ, мал және ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдап, құжатсыз сатқан 33 адам анықталған.

Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 406-бабына сәйкес 796 380 теңгенің айыппұлы салынып отыр.

Ауыл шаруашылығы жануарларын иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюына байланысты 167 адам аталған құжаттың 408-бабымен 284 859 теңгенің айыппұлын арқалады.

«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 2 адамнан құралған 1 қылмыстық топ пен 6 адам анықталды. Күдіктілердің қатысуымен жасалған 6 мал ұрлығы дәлелденді. Оның 2-еуі өткен жылдары, 4-еуі бұрын жасалған мал ұрлығы санатына жатады. Ұрланған 20 мал заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 5 жылқы, 5 ірі қара және 10 ұсақ мал бар. Ішкі істер министрлігінің Біріктірілген деректер банкісінің «Есептегі элемент» есебіне 16 адам «мал ұрысы», 13 адам «мал союшы», 1 адам «ұрланған малды сатушы» санатымен алынды«, -деп мәлім етті Нұрхат Оразбаев.

Соңғы жаңалықтар