Атырау облысында қысқа азық ретінде дайындалған 10 тоннадан астам шөп өртеніп кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ауладағы қысқа азық ретінде дайындалған 47 рулон, шамамен 10 тоннадан астам шөп түгі қалмай өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне қарағанда, өрт 7 тамызда сағат 03:25-те болған.

Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылындағы Ғ.Есенгалиев көшесіндегі екі үйдің ауласында алдағы қысқа дайындалған рулон шөп жиналған. Оның жалпы ауданы 15х8 метрді аумақты құрайды.

Жалынның салдарынан ауладағы 47 рулон түгі қалмай жанып кетті. Өрт сағат 05:30-да оқшауланып, сағат 06:30-да толық сөндірілді

«Өрт сөндіруге Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері мен 1 техникасы, «Семсер» ЖШС-нің 6 қызметкері мен 2 техникасы тартылды. Жалынның салдарынан зардап шеккендер жоқ», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қой тірідей жанып кеткенін, кейін бұл үшін өтемақы төленбейтінін хабарлаған едік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтің айтуынша, Құрманғазы ауданындағы «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС иелігіндегі 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қойды дала өрті шарпыған. Оның ішінде 619 саулық, 414 қозы болғаны анықталды. Ауладағы 516 қой, 1 інген, 1 бота толықтай өртеніп кеткен. Ал 13 қой жоғалған.

Бірақ, серіктестік басшылары малды сақтандырмаған. Сол себептен кәсіпкерге мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді.

Автор: Бек Мұстафа


Соңғы жаңалықтар