Атырау облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты үй құстарын егуге 6,2 мың доза вакцина бөлінді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құс тұмауына қарсы шұғыл шаралар қабылдау мақсатында қауіпті аймақтардағы құстарды егуге 6 291 доза вакцина бөлінді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шұғыл шаралар өткізу (Қазақстан Республикасының аумағында жаңадан анықталған аса қауіпті) және үй құстары арасында инфекцияның таралуын болдырмау үшін ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті республикалық қордан жоғары патогенді құс тұмауының қауіп төндіретін аймақтарында барлық құсты вакцинациялауға 6 291 доза вакцина бөлді және 12 маман жұмылдырылды», - делінген ведомство ақпаратында.

Жалпы, республикада биыл 16 370 180 үй құсын жоғары патогенді құс тұмауына қарсы егу жоспарланған. Өткен 6 айда 6 028 810 құс егілді, бұл – жылдық жоспардың 37%-ы.

Еске салсақ, 26 маусымда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының территориясында мекеме инспекторлары құстардың қырылу фактісін тіркеген болатын. Каспий теңізінде шамамен 78 км қашықтықта DS-04, DS-01 жасанды аралдар ауданында 1 мыңнан астам өлі шағала табылды. Құстардың өлу себебін анықтау үшін биоматериалдар алынды. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықта өлген құсқа зертханалық зерттеулер жүргізіліп, іріктелген сынамаларда құс тұмауының вирусы анықталды. Осы сынамалар диагнозды қайта растау үшін ХЭБ (Ұлыбритания) референттік зертханасына жіберілді.

Министрлік мәліметінше, эпизоотиялық мониторинг үшін ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жоғары патогенді құс тұмауын болдырмау мақсатында жабайы құстардың маусымдық қоныс аудару жолдарының периметрі бойынша оларды атуға шығады.


Соңғы жаңалықтар