Атырау облысында құрбысының атына 9 несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

2022 жылғы 6 қазан, 00:55
Атырау облысында құрбысының атына 9 несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында құрбысының атына 9 несие рәсімдеген алаяқ ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Исатай ауданында тұратын тұрғынның алаяқтық қылмыс жасағаны анықталды.

«Исатай ауданының 32 жастағы тұрғыны қаржылық ұйымдар мен банктерден түскен телефон қоңырауынан өзінің 804 мың 993 теңге көлемінде несиесі барын білген. Содан соң полиция қызметкерлеріне шағым түсірген. Полция қызметкерлері осы дерекке байланысты онлайн несие рәсімдеп, алаяқтық қылмысын жасаған 1991 жылғы тұрғынды ұстады. Тергеу кезінде жәбірленушінің бұрын жеке басын куәландыратын құжатын күдіктіге бергені белгілі болды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі 4) тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ал, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

«Тұрғындар жеке басын куәландыратын құжатын бөгде адамдарға бермегені жөн. Өзіне қатысты құпия сөздерді ешкімге жарияламау қажеттігін туралы ескертеді», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 20-ға жуық адамның 3 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталғанын, кейін қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar