Атырау облысында құмар ойынды заңсыз ұйымдастырғандар сотталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында құмар ойынды заңсыз ұйымдастырғандар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Әнесовтің мәліметінше, заңсыз ойын бизнесі Құрманғазы ауданында ұйымдастырылған.

«Қаржы мониторингі органдарының негізгі міндеттерінің бірі – «көлеңкелі экономика» саласын, оның ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылармен күресу. Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың маусым және тамыз айы аралығында Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында орналасқан «Мирғали» автотұрағының аумағындағы дүңгіршекте тыйым салынған құмар ойынды ұйымдастырған екі адамды анықтады. Олар алдын ала сөз байласып, елімізде бекітілген ойын бизнесі заңнамасын бұзатын қылмыстық әрекет жасаған», -деп хабарлады Бекболат Әнесов.

Құрманғазы аудандық сот үкімен құмар ойынды заңсыз ұйымдастырғандар ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігінің 2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды.

Олардың әрқайсысы 2 (екі) жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 57 экономикалық қылмыс тергелгенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облысында жыл басынан бергі 9 айда экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің тергеуіне 57 қылмыстық іс түскен.

Оның ішінде 32 қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл - барлық істің 56,1 пайызы.

Өңірдегі соттардың қарауына 23 қылмыстық іс (40,3%) жолданды.

Қылмыстық істер бойынша келген залал мөлшері – 2,9 млрд теңге. Бұл қаржының 2,3 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған.

Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар