Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 22 шетелдік ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 22 шетелдік ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 22-28 тамыз аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

«Бұл жедел іс-шараның мақсаты – еліміздің көші-қон заңнамасын бұзатын шетел азаматтарын анықтау. Іс-шара кезінде облыс аумағында 373 шетел азаматына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабымен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Қазақстан Республикасының аумағынан Өзбекстан Республикасының 22 азаматы тысқары шығарылды», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, өңірде өкілетті органдардың рұқсатынсыз шетел азаматтарының жұмыс күшін заңсыз пайдаланған азаматтар анықталып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 19 азаматына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 519-бабымен (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 900 шетелдік әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.

Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 1 486 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде шетелдік 900 азамат болған.

Сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 25 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылған еді.

Автор: Бек Мұстафа


Соңғы жаңалықтар