Атырау облысында қоршаған ортаны қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қоршаған ортаны қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасына сәйкес әкімдік жанынан қоршаған ортаны қорғау жөнінде комиссия құрылатын болды.

«Комиссияның негізгі құзыретіне бірнеше мәселені енгізу қарастырылып отыр. Оның ішінде табиғатты қорғау іс-шараларының орындалысын қадағалау, қоршаған ортаны қорғау жөнінде ұсынымдар дайындап, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жолдау кіреді», -деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуынша, комиссия құрамына салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін, ғалымдар мен депутаттарды, белсенділерді енгізу көзделген. Комиссияның алғашқы отырысы 30 наурызда өтеді. Отырыста қаралатын мәселелер әлі нақтыланып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғындары ауадағы сасық иіске шағымданғанын хабарлаған болатынбыз.

Тұрғындар Іnstagram әлеуметтік желісінде сасық иістен жүрек айнып, бас айналғаны жөнінде жазған еді.

Атырау қаласының үш тұрғыны облыстық экология департаментіне шағым берген. Оның бірі Лаура Сүлейменова өзге өңірге көшу мәселесін ойластырып жүргені туралы видео жүктеген болатын.

Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөлімі кәсіпорынның штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлім етті.

«Жел солтүстік-батыстан, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғып тұр. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік процесі – жағымсыз иістің көзі емес», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.


Соңғы жаңалықтар