Атырау облысында қоршаған ортаны бүлдіргендерге 306 млн теңге айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қоршаған ортаны бүлдіргендерге 306 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтыр табиғат пайдаланушыларға қатысты 121 бақылау жүргізілген.

«Бақылау нәтижесінде экология заңнамасының талаптарын бұзған 241 дерек анықталды. Заң бұзушыларға қатысты 230 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 306 635 466,73 теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Қазір жалпы сомасы 14 102 722,23 теңгенің 8 әкімшілік істің орындалу мерзімі өткен жоқ. Ал, 107 957 847 теңгенің 7 әкімшілік ісі сот орындаушыларының өндірісінде қаралып жатыр. Бір әкімшілік іс қысқартылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Табиғат пайдаланушының біріне жалпы сомасы 56 146 400 теңгені құраған залалды өтеу туралы 1 ұйғарым берілген. Алайда, табиғат пайдаланушы орналасқан мекенжайы бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағым берген. Сот шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған. Табиғат пайдаланушы сот шешімімен келіспей, Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген. Сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырудан бас тартылған. Қоршаған ортаға келтірілген залал өндірілді.

«Экологиялық заңнама талаптарын бұзуға жол берген 8 табиғат пайдаланушы объектілерінің шаруашылық қызметін тоқтата тұру туралы сот шешімдері шығарылды. Оның ішінде міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, рұқсат алғанға дейін «Жылыой Тазалық» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын пайдалануға тыйым салу, Жылыой ауданының Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентіндегі буландыру алаңдарына (жер бедеріне) «Жылыойсу» МКК ағызатын сарқынды суларды мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз, экологиялық рұқсатсыз, сондай-ақ алдын ала тазартусыз ағызуды тоқтату туралы сот шешімі бар. Экологиялық рұқсат беру құжаттарын алғанға дейін «Олжа» АҚ-ның өндірістік аймақта орналасқан автоцистернаның газ құю қондырғысы арқылы эмиссияны жүзеге асыруды тоқтату, Жарсуат, Есбол, Көктоғай, Индербор, Елтай ауылдық округінің экологиялық рұқсат құжаттарын алғанға дейін қоқыс полигонын пайдалануды тоқтата тұру туралы талап-арыздар қанағаттандырылды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ресейге баратын жолды жөндеп жатқан компанияға айыппұл салынғанын жазған едік.

Автор: Бек Мұстафа


Соңғы жаңалықтар