Атырау облысында коронавирусқа тест өткізуге 186,3 млн теңге бөлінді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында коронавируске ПТР-тест зерттеуін жүргізуге 186,3 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін коронавирус инфекциясына ПТР-зерттеулерге республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күні өңірде осы мақсатқа бөлінген қаржы 186,3 млн теңгені құрап отыр.

«Оның ішінде стационарларға 60,1 млн теңге, ал бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету емханаларына 126,2 млн теңге бөлінді», - дейді облыстық филиал директоры Сәбит Құралбек.

Оның айтуынша, азаматтар тестіні мекенжайы бойынша тіркелген бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету емханаларында жолдама арқылы тапсыра алады. Ал, жеке тұлғаларға «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасына жүгінуге болады. Оның бағасы – 15400 теңге.

«COVID-19 инфекциясына күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар, ЖРВИ және пневмония симптомдары бар азаматтар, індет жұқтырғандармен жақын байланыста болғандар, стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі пациенттер, тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер, шетелден келгендер, жүкті әйелдер ПТР-тестіні тегін тапсыра алады», - деді ол.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Ақкөл ауылы карантинге жабылып, Миялыда карантин режимі, Мұқырда шектеу шаралары енгізілген болатын. Сондай-ақ, Атырау қалалық әкімдігінің қызметкері коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар