Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар көбейіп барады
2022 жылғы 5 шілде 16:59

Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар көбейіп барады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кейінгі үш айда ревакциналаудан өткендер саны 25% өсті. Алайда, коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі көбейіп барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, 21-30 маусым аралығында Атырау қаласында 22, Теңіз кен орнында 5, Құрманғазы мен Мақат ауданының әрқайсысында бір науқас тіркелген.

«Науқастардың 23-інде симптомды, ал 6-ауында симптомсыз белгі бар. Дәрігерлердің амбулаторлық бақылауына 15 адам алынды. Ал, 14 адам №2 облыстық ауруханаға ем қабылдау үшін жатқызылды. 3 шілдеде 8 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Кейінгі екі аптада аурушаңдық көрсеткіші 8 есеге өсіп отыр», - деді Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуынша, өңірде вакцина алуы тиіс контингент – 365 760 адам. Осы кезге дейін вакцинаның I компонентін 271 429 (74,2%), II компонентін 259 009 (70,8%) адам алған.

«Облыста коронавирус инфекциясына қарсы салынатын вакцинаның тапшылығы жоқ. Қазір 130 мың вакцина бар. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Pfizer» және Қазақстанда шығарылған «QazVac» вакцинасының қоры жеткілікті. Шілде айындағы жағдай бойынша ревакциналаудан өтетін адамдардың саны – 250 601. Осы кезге дейін ревакциналаудан 90 314 (36,04%) адам өтті. Бұл соңғы 3 айда ревакциналау көрсеткіші 25%-ға өскенін байқатады», - деді Асхан Байдуәлиев.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен тәулікте Атырау облысында 10 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

Айта кетсек, бұған дейін Атырау облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты үй құстарын егуге 6,2 мың доза вакцина бөлінді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT