

Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру қайта өршіді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы коронавирус инфекциясын жұқтырудың қайта өршуіне байланысты «қызыл» аймаққа енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өткен тәулік – 11 қаңтарда 139 адам Covid-19 инфекциясына шалдыққан.
«Қауіпті вирусты жұқтыру дерегі Атырау қаласында көбейіп отыр. Шаһарда бір тәулікте Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 110 жағдайы расталды. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 29 науқас анықталды. Коронавирус инфекциясы симптомды белгісі 77 науқаста бар. Бұл Атырау облысының «қызыл» аймаққа енуіне басты себеп болып отыр», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Өткен тәулікте қауіпті вирустан 22 пациент сауығып шыққан. Қазір 190 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Ал, модульдік ауруханада – 142, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда – 126, аудандардағы стационарларда 17 науқас оқшауланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирусқа шалдыққандар саны күрт көбейгенін жазған едік.
Jańalyqtar



















