Атырау облысында көлік аударылып, екі адам мерт болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көлік аударылып, екі адам мерт болды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 31 тамызда болған.

«Бүгін 31 тамызда таңғы сағат 04:20 шамасында «Доссор-Құлсары-Ақтау» бағытындағы республикалық тас жолдың 74-шақырымы тұсында Toyota автокөлігі аударылды. Көлікте жүргізушіден басқа екі жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Оның бірі – 1984 жылғы жүргізуші, ал, екіншісі – 31 жастағы жолаушы. Тағы бір жолаушы – 1988 жылы туған ер адам Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әзірге Toyota автокөлігінің аударылуына не себеп болғаны белгісіз. Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жүргізуді бастады.

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының жиі тіркелетініне алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Нәсиполланың айтуынша, жыл басынан бері тек Атырау қаласының аумағында 93 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 95 адам әртүрлі дене жарақатын алса, 7 адам қаза тапқан.

«Атырау қаласында бір күнде екі көліктің электр бағанасына соқтығысу дерегі тіркелді. Мәселен, 39 жастағы жүргізуші мас күйде Exeed LX автокөлігінің рульіне отырып, таңғы сағат 06:00 шамасында Ғ.Абдрахманов көшесіндегі 2 электр бағанасына соқтығысты. Ал, М.Өтемісұлы көшесінде дәл осындай жол-көлік оқиғасына 1993 жылғы жүргізуші Daewoo Gentra автокөлігімен ұшырады», -дейді Дәурен Нәсиполла.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 7 айда жол апатынан 49 адам қайтыс болғанын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-7-ayda-zhol-apatynan-49-adam-koz-zhumdy_a3962655 хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар