Атырау облысында кедергіге тап болған кәсіпкерлер Антикорға шағымданды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кедергіге тап болған кәсіпкерлер Антикорға шағымданды. Оның бірі екі жылдан бері газға қосыла алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, «Бизнеске жол» жобасы аясында 5 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

«Аталған жобаның мақсаты – кәсіпкерлердің құжаттарды ресімдеу кезінде әртүрлі әкімшілік кедергілерге тап болмауына көмектесу. Биылғы жыл басынан 5 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мәселен, «ҚазТрансГазАймақ» Атырау өндірістік филиалының лауазымды тұлғалары жеке кәсіпкердің жылжымайтын мүлкін газға қосу үшін келісімшартқа 2021 жылдан бері қол қоймай келген. Бұған қоса мүліктің бұрынғы иесінің берешегін жабуды заңсыз талап еткен. Тағы бір кәсіпкерге көлік салығын негізсіз төлетпек болған. Осындай кедергіге тап болған кәсіпкерлер біздің департаментке шағыммен жүгінді», - деді Ерұлан Серікқалиев.

Оның дерегіне сүйенсек, Құрманғазы ауданындағы кәсіпкерге орталық аурухана басшылығы азық-түлік жеткізгені үшін 1 миллионнан астам теңгені төлеуден бас тартқан.

«Департамент қызметкерлерінің жедел араласуының нәтижесінде осындай кедергілердің бәрі оң шешімін тапты. Монополист кәсіпорын жеке кәсіпкермен газбен жабдықтауға шартты қайта жасады, мүліктің бұрынғы иесінің қарызы өндірілмейтін болды. Көлік үшін негізсіз салық та төленбейді. Ал аудандық ауруханадан кәсіпкердің есепшотына тиісті қаржы аударылды», - деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жұмысшыларының жалақысын бермей қойған директор 3,5 жылға сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар