Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңге бөлінді

2022 жылғы 9 маусым 16:06

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Өңірлік кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жаңабековтің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар саны 3 есе артқан. Қазір облыста 60 795 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

«Биыл Атырау облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 6 млрд теңге, несиені кепілдендіруге 1,9 млрд теңге, мемлекеттік гранттар ұсынуға 106 млн теңге берілді. Қазір 76 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды», - дейді Нұрбол Жаңабеков.

Оның айтуынша, ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатындағы өңірлік бағдарламаны іске асуға жергілікті бюджеттен 2013-2022 жылдарға 3 млрд 357 млн теңге қаралған. Соның нәтижесінде 531 жоба қаржыландырылып, 718 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл бұл бағытқа 500 млн теңге бөлінген.

Өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына өткен жылы ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінген еді. Қазір несие сомасы 510 млн теңге болатын 40 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Алдағы уақытта олар 46 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері 4 923 адам жұмысқа орналасқанын хабарлаған едік.


Автор:

Бек Мұстафа

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары