Атырау облысында қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккен

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы 6 айда экономикалық қылмыстардан келген залал мөлшері 1,3 млрд теңге болған. Ал, қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Әнесовтің мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда 25 құқық бұзушылық дерегі тіркелген.

«Департамент қызметкерлерінің тергеуіне 43 қылмыстық іс түсті. Оның ішінде 26 қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл - қылмыстық істердің 60,5 пайызы. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды. Ал, 6 іс өндірістен алынды. Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал мөлшері – 1,3 млрд теңге. Бюджетке 495,3 млн теңге кері қайтарылды. Жалпы сомасы 206,6 млн теңге болатын мүлікке тоқтам салынды. Қылмыстық жолмен табылған заңсыз қаржыдан 701,9 млн теңге қайтарылып отыр», - дейді Бекболат Әнесов.

Оның айтуынша, Атырау облысында қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккен. Осыған байланысты тиісті іс-шаралар жүргізіліп, қаржы пирамидасы түрінде жұмыс істеген 120 әлеуметтік медиа сайт пен аккаунт жабылған.

«Жедел іздестіру шаралары кезінде іс жүзінде қажетті жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеліп-жөнелтілмей, тек шот-фактура бойынша әрекеттер жасау дерегімен 2 құқық бұзушылық тіркелді. Атырау қаласындағы жалдамалы пәтер мен моншада покер құмар ойынын ұйымдастырғандардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Сот үкімімен заңсыз ойын бизнесіне қатысы бар адамдар кінәлі деп танылды», - деп мәлім етті Бекболат Әнесов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы моншада құмар ойынын ұйымдастырғандар ұсталғаны хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар