Атырау облысында карантиндік шектеулер неге күшейтілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында карантиндік шектеулер күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін 12 қазанда сағат 00:00-ден бас Атырау облысы аумағында карантиндік шаралар күшейтілген еді. Өңірде карантиндік шаралардың күшейтілуіне соңғы аптада аурушаңдықтың екі есе жоғарылауы себеп болып отыр. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаровтың карантиндік шаралар облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін жалғасады.

«Өкінішке қарай, соңғы 14 күнде коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсе бастағаны байқалады. Мәселен, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында індет жұқтырудың 5 жағдайы тіркелген болса, 5 қазан-11 қазан аралығында 43 жағдай анықталып отыр. Осыған сәйкес, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып, карантин талаптары күшейтілді», - дейді Асылбек Шаров.

Қаулыға сәйкес, атыраулықтарға алаңдарда, саябақтарда, скверлер мен жағалауларда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспай топтасып жүруге рұқсат етілген. Сондай-ақ, тұрғындарға қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық маска кию міндеттеліп отыр.

«Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану обьектілерінің нақтырақ айтқанда, кафе, мейрамхана және басқаларының жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін қысқартылды. Келушілер саны жабық ғимараттарда 30 адамнан, ашық алаңдарда 50 адамнан аспай, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауы тиіс», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында карантиндік шектеу шаралары ұзартылып, өзен трамвайы мен фитнес-орталықтар тоқтатылғанын, демалыс күндері базарлар жұмыс істемейтінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар