Атырау облысында КамАЗ бен 840 тонна мал азығы өртеніп кетті

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында КамАЗ жүк көлігі мен 2400 орама шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылында болған.

Бұл туралы ақпарат төтенше жағдайлар департаментінің 101 байланыс орталығына кеше, 5 қазанда сағат 12:09-да түскен.

«Жылыой ауданы, Шоқпартай ауылындағы Бопай ханым көшесінде ашық аумақта мал азығы үшін жиналған шөп жанып жатқаны туралы шақырту түсті. Шоқпартоғай ауылы Жылыой аудандық өрт сөндіру бөлімінен 27 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт сөндірушілер шақырту орнына жеткенде КамАЗ маркалы жүк көлігі өртенгенін анықтады. Соның салдарынан жалын ашық алаңда жинаулы тұрған орама шөпті шарпыған», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

КамАЗ жүк көлігі де, 1 250 шаршы метр алаңда жиналған 2400 орама шөп, яғни 840 тоннаға жуық мал азығы түгі қалмай жанып кетті. Өрт сағат 16:06-да оқшауланып, сағат 17:50-де толық сөндірілді.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері мен 2 техникасы тартылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті толығымен өшірілгенін хабарлаған болатынбыз.




Видеодан алынған кадр/ instagram.com/atyrau_tjd




Соңғы жаңалықтар