Атырау облысында із-түзсіз жоғалған бақташы өлі күйінде табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында із-түзсіз жоғалған бақташы өлі күйінде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыой аудандық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бақташының мүрдесі «Адай» зираты маңынан табылған. Бұл зират Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан.

Бұл деректі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Жылыой ауданында 1986 жылғы малшы жеке шаруа қожалығынан шығып кетіп, кері оралмаған. Аудандағы Ақкиізтоғай ауылы маңынан өлі мүрдесі табылды», - деп мәлім етті Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында із-түзсіз кеткен малшы іздестіріліп жатқанын жазған едік.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бақташының жоғалғаны туралы 24 мамырда хабарланған.

«Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Кейін 6 күн бұрын жоғалған бақташыны тікұшақпен іздеп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Жоғалған бақташыны іздестіру-құтқару жұмыстарына 29 мамырда «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ бортында 5 экипаж мүшесі, Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен туысқаны болған.

Сондай-ақ, сол күні Құрманғазы ауданынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Қошалақ елді мекеніндегі «Теміржанов» шаруа қожалығынан мал іздеуге шыққан ер адам іздестірілді.


Соңғы жаңалықтар