Атырау облысында із-түзсіз кеткен малшы іздестіріліп жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 37 жастағы малшыны іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бақташының жоғалғаны туралы кеше, 24 мамырда сағат 15:12-де хабарланған.

«Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Малшының қай бағытта кеткені белгісіз. Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған. Құтқарушылар қатарында Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де бар.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда 16 жастағы қыз жоғалып кеткенін жазған едік. Ол 6 сәуірде із-түзсіз кеткен. Кейін сүңгуірлер іздестіру жұмысын жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған Жайық өзеніндегі кері ағыс пен су астында бөгде заттардың көп болуы әсер етті.

Бір айға жуық уақыттан кейін қыздың мүрдесі судан табылды. Ол көпірден секіріп кеткен.


Соңғы жаңалықтар