Атырау облысында Исатай Тайманұлына ескерткіш орнатылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы Исатай Тайманұлына ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында қойылған ескерткіштің авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Серік Матениязов. Биіктігі 12 метр болатын ескерткіш таза қоладан құйылған.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов Исатай батыр ескерткішін республикадағы ең еңселі әрі тұғырлы мүсіннің бірі екендігін атап өтті.

«Мұндай шоқтығы биік алып ескерткіштің нақты Исатай ауданында ашылуы заңды құбылыс. Бұл істің басы-қасында болып, жоспардың ойдағыдай орындалып, уақытылы орнатылғаны үшін жергілікті жауапты тұлғаларға алғыс бідіремін. Бүгінгі міндетіміз – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Найза ұстаған айбарлы Исатай батыр ескерткіші республикадағы ең еңселі әрі тұғырлы мүсін. Барша исатайлықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын», - деді Серік Шапкенов.

Бір минут үнсіздіктен соң ескерткішті облыстық Ардагерлер қоғамының төрағасы Қатимолла Ризуанов, Ауған соғысы ардагерлері облыстық қоғамы төрағасының орынбасары Бейімбет Нариманұлы және Ауған соғысы жауынгерінің жесірі Қалима Әбуова ашты.

Айта кетейік, шара аясында облысқа танымал ғалым Амангелді Шамғоновтың Исатай Тайманұлы туралы жарық көрген кітабының тұсауы кесілді.

Соңғы жаңалықтар