Атырау облысында ірі энергожобалар іске асырылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында энергия желісін жақсартатын ірі жобалар іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланған кеңес өткізіп, салалық басқарма басшысына электр энергиясы желісін жақсартуды тапсырды.

Облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, Атырауда энергия жүйесін жақсарту үшін бірқатар жоба іске асырылады.

«Соның ішінде батыс аймақтағы электр желісінің қуатын арттыру да бар. Бұл жоба 2023 жылы аяқталады. Бұған қоса, Атырау, Құлсары, Теңіз, Бейнеу қосалқы станцияларында 110 кВ және 220 кВ ашық тарату қондырғылары қайта жаңартылады. Сондай-ақ, Жайық өзенінің оң жағалауындағы электр қондырғыларын қайта жаңғырту жоспарланған», - деді Ерлан Назаров.

Оның мәлім етуінше, облыста 1759 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұларда коммуналдық мәселе туындамауы үшін 15,6 шақырым жылу, 696,7 шақырым электр, 1,4 шақырым су және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары басталған.

«Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қалыпты тіршілігі үшін маңызды нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Өткен жылу беру маусымында кемшін тұстар байқалды. Қаңтар айында электр желісіндегі біркүндік ақау кезінде ірі кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар, облыс тұрғындары қиындыққа тап болды. Адағы уақытта мұндай апаттық жағдайды болдырмау үшін бірлескен жұмыстарды қолға алуымыз қажет», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.


Соңғы жаңалықтар