Атырау облысында халық санағын жүргізуге 1 мыңға жуық адам тартылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында халық санағын жүргізуге 913 адам тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиеваның айутынша, халық санағының дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткізілген.

Бұл жұмысқа 170 адам тартылған. Олар тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасақтап, тұрғындардың санын нақтылаған.

«Ұлттық статистика бюросының «Аудандастыру» автоматтандырылған жұмыс орны ақпараттық жүйесіне Атырау облысынан 176 389 нысан енгізілді. Аралау жұмыстарының қорытындысымен 175 641 нысан анықталды. Жоспарлы нысандардың 99,6% қамтылды. Қате нысандардың саны – 2 178. Өңірде 149 негізгі тіркеу учаскесінен бөлек арнайы ұйымдарда 139 нысан қалыптастырылды. Онда тұрақты тұратындардың саны 2 877 адамды, 11 369 төсек-орынды құрады. Осылайша, анықталған нысандардағы тұрғындар арнайы ұйымдарда тұрақты тұратындардың санын қоса алғанда 664 493 адамды қамтып отыр» -дейді Галя Мұханғалиева.

Оның айтуынша, халық санағына дайындық кезеңін өткізу кезінде бірқатар проблема туындаған.

Әсіресе, санақ персоналының жауапсыздығы мен немқұрайлығы, көше атаулары мен үй нөмірлері ілінген аншлагтардың жоқтығы қиындық туғызған.

Сондай-ақ, Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен ұсынылған елді мекендердің схемалық карталарында кейбір нысандардың белгіленбеуі, көптеген үй шаруашылықтарының санақтан бейхабар болуы жұмысқа кері әсерін тигізген.

«Ұлттық халық санағының негізгі кезеңінде Атырау облысы бойынша 913 адам уақытша жұмысқа тартылады. Оның ішінде 114 нұсқаушы-бақылаушы мен 799 интервьюер болады» -деп мәлім етті Ғаля Мұханғалиева.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аталған кемшіліктерді жойып, қала, аудан әкімдеріне халық санағына қолдау білдіру қажеттігіне назар аударды.

«Интервьюерлерді вакцинациялаудан өткізу қажет. Ал, мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажеттілік туындаған жағдайда учаскелік полиция қызметкерлерінің бірлесіп аралауын ұйымдастыру, санақ персоналдарын қажетті орын-жаймен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Нұсқаушы-бақылаушылар мен мамандардың қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастырған жөн» -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында халық санағын жүргізуге 168 млн теңге бөлінгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар