Атырау облысында ГАЗель жүргізушісі 400 келіден астам бекіремен ұсталды

Фото: Фото: t.me/POLICE_of_KZ
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ГАЗель автокөлігінің жүргізушісі заңсыз ауланған бекіремен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық поиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көлік жүргізушісінен 417 келі бекіре балығы тәркіленген.

«Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 наурызда ГАЗель автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Көліктің рулінде 1980 жылғы жүргізуші болған. Жүргізуші аталған ауданның тұрғыны екені анықталды. Көлікті тексеру кезінде жалпы салмағы 417 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бекіре тұқымдас бағалы балықты заңсыз тасымалдаған жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын аталған ауданның тұрғыны киік мүйіздері мен аңшы мылтығын заңсыз сақтап келгенін хабарлаған болатынбыз.

«Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп, заңға қайшы әрекетпен айналысып жүрген жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікке ілінген 1998 жылғы тұрғынның 18 киік мүйізін, 16 калибрлі «ИЖ» мылтығы мен 7 дана оқ-дәріні заңсыз сақтағаны анықталды», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Атырауда тұрғын үйден 2,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі тәркіленді. Атырау қаласының «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен жалпы салмағы 500 келіден асатын 2 421 дана ақбөкен мүйізі табылды. Осыған байланысты 1991, 1987 және 1986 жылғы күдіктілер анықталып, ұсталды. Келтірілген залал құны 6 млрд 264 млн теңгеден асады.


Соңғы жаңалықтар