Атырау облысында ғарыштық түсірілім арқылы 1 ғана ауданнан 30 стихиялық қоқыс алаңы анықталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Жылыой ауданында 55 стихиялық қоқыс алаңы анықталды. Осындай 30 алаңнан 1 мың тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәліметінше, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімі арқылы 55 стихиялық қоқыс алаңы бары анықталып отыр. Оның ішінде аудан орталығы – Құлсары қаласында 51, Жаңа Қаратон кентінде 2, Қосшағыл ауылында 2 қоқыс алаңы орналасқаны белгілі болды.

«Табиғаттың тазалығына баршамыз жауапты болуымыз керек. Алайда, кейбір тұрғындар қоршаған ортаның тазалығын сақтауды ескермей, құрылыс және қатты тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге тастайды. Қазір аудан аумағында рұқсатсыз қоқыс төккендерді анықтау, бақылау күшейтіліп, жауапты мекемелердің қатысуымен рейдтік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Аудандық әкімдіктің тапсырмасымен «Промэкология» ЖШС-нің жaнынан стихиялық қоқыс алаңдарын тазалау үшін жұмыс тобы құрылды.

Құрылыс қалдықтарын тазартуға 10 жұмысшы мен 8 арнайы техника тартылды. Осылайша, 55 қоқыс алаңының 30-ы тазартылып, одан 1000 тонна қоқыс шығарылды. Жиналған қоқыс «Экоқала ХХІ» ЖШС-нің арнайы полигонына тапсырылды», -деп хабарлады аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір күнде 45 тонна қоқыс жиналғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар