Атырау облысында екі тәулікте 1,1 мың адам коронавирус жұқтырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймақтағы Атырау облысында екі тәулікте 1 192 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда 596, 16 қаңтарда 596 адам қауіпті вирус жұқтырған.

Коронавирус инфекциясы әсіресе, Атырау қаласында өршіп тұр. Мұнда 16 қаңтарда Covid-19 жұқтырудың 422 жағдайы расталған. Ал, Теңіз кен орнында 26 науқас анықталды. Сондай-ақ, Жылыой ауданында 43, Қызылқоғада – 30, Индерде – 20, Құрманғазыда – 15, Мақатта – 15, Махамбетте – 15, Исатай ауданында 10 адамның қауіпті індеттің қармағына ілінгені анықталып отыр. Қауіпті вирус 366 науқаста симптомды белгімен өтіп жатыр.

«Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 28 адам сауығып шықты. Қазір үй жағдайында 2 063 адам оқшауланған. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарларда – 395, модульдік ауруханада – 180, аудандардағы стационарларда – 40, ал, №2 облыстық ауруханада – 32, фтизиопульманологиялық орталықта 18 адам пациент ем-дом қабылдап жатыр», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында үш күнде 1 201 адам коронавирусқа шалдыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар