Атырау облысында дәрігерлер мемлекет ұсынған қызметтік пәтерін жалға беріп келген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Жылой ауданының әкімдігі Құлсары қаласындағы дәрігерлерді қызметтік баспанадан шығаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілерде Атырау облысында Жылыой аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері қызметтік тұрғын үйден шығару туралы хабарлама алды деген ақпарат тараған.

Аудандық әкімдікте болған жағдайға қатысты түсініктеме берілді.

«Жылыой ауданы әкімінің Құлсары қаласында халықпен кездесуі барысында Ұ.Әбдірахманов көшесінің тұрғындарынан дәрігерлер мен мұғалімдерге берілген қызметтік пәтерлердің үшінші адамдарға жалға берілгені туралы арыз-шағым түсті. Тұрғындардың өтінішіне байланысты аудан әкімі Жұмабек Қаражанов «Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жоғарыда аталған жағдай бойынша тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру қорытындысы бойынша қызметтік пәтер берілген екі дәрігердің онда тұрмайтыны анықталды. Пәтерлер үшінші адамдарға жалға берілген. Бұл факті анықталғаннан кейін пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметтік пәтерлер Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі балансына қайтарылды», деп хабарлады Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қызметтік баспана дәрігерлерге Жылыой орталық аудандық ауруханасынан берілген болатын.



Соңғы жаңалықтар