Атырау облысында дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау облысында дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры сатып алынды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індеттің бірінші толқынында дәрі-дәрмек тапшылығы белең алғаны рас, дегенмен ол олқылық бүгінде жойылды. Облыста дәрі-дәрмектің тұрақты қорын құру және дәріханалардағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Іңкәр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 500 млн теңге бөлініп, 42 атаулы дәрі-дәрмек сатып алынды. Одан бөлек, демеушілік көмекпен 3 млрд-тан астам теңгеге жеке қорғаныш құралдары мен медициналық техника сатып алынды», - деді Б. Хаменова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Әкім орынбасарының сөзінше, бүгінде өңірде 14 ПТР сынақ зертханасы жұмыс істеп тұр. Онда тәулігіне 16 мыңнан астам сынақ жүргізу мүмкіндігі бар.

«Облыста жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталды. Сондай-ақ, жедел медициналық көмек қызметін жетілдіре түсу мақсатында жаңа көліктер алынып, 5 жылжымалы медициналық кешен іске қосылды. Және де науқастарға жоғары сапалы медициналық көмек ұйымдастыру мақсатында Атырау және Құлсары қалаларында 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға берілді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау халқының 86 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алды.


Соңғы жаңалықтар