Атырау облысында былтыр 34 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей қалған

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында былтыр 34 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Қаржы басқамасының басшысы Мейіржан Мұқасовтың мәліметінше, өткен жылы өңір бюджетінің игерілмеген қаржысы 29 млрд 218,6 млн теңгені құраған. Бұған қоса республикалық бюджеттен берілген трансферттер мен кредиттің 4 млрд 818 млн теңгесі игерілмеген.

«Өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджет 670 млрд 965 млн теңге көлемінде жоспарланған еді. Былтыр жергілікті бюджетке 694 млрд 218,6 млн теңге түсті. Ал республикалық бюджет трансферттерінің түсімі 127 млрд 166,2 млн теңгені құрады. Облыс бюджетінің шығысы 95,8 пайызға орындалып, игерілмеген қаражат 29 млрд 482,4 млн теңгені құрап отыр.

Республикалық бюджеттен трансферттер мен кредиттің игерілмеген қаражатының көлемі – 4 млрд 818 млн теңге. Бұған құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына байланысты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жобаларына түзету енгізілуі мен мердігерлердің жұмыс кестесінен қалыс қалғаны себеп болған. Сондай-ақ былтыр Үкіметтің резерв қорынан бөлінген 1 млрд 331,3 млн теңге толығымен игерілді», - деп хабарлады Мейіржан Мұқасов.

Оның айтуынша, қала және аудандардың коммуналдық меншігіндегі 122 мүлік сатылып, бюджетке 94,6 млн теңге түскен. Сондай-ақ 232,1 млрд теңгенің 386 конкурсы ұйымдастырылған. Бұл конкурстар арқылы үнемдеу 6,8 млрд тенгені құраған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда инфрақұрылым желілерімен қамтуға 3,1 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар