Атырау облысында браконьерлерден 770 келіден астам бекіре тәркіленді

Фото: Ашық көздерден алынған фото
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды акциясы басталғаннан бері браконьерлерден 7,5 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның ішінде 770,25 келі бекіре, 29,5 келі қара уылдырық бар, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі.

Балық шарушалығы комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған акция 1 сәуірде басталған. Содан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары Шекара қызметінің және құқық, табиғат қорғау органдары қызметкерлерімен бірге заңсыз балық аулауға қатысты 754 деректі анықтады. Құқық бұзған 518 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

«Браконьерлікке, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерін заңсыз аулауға байланысты 28 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 11,1 млн теңгеге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 7 тонна 534 келі балық, оның ішінде 770,25 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 29,5 келі қара уылдырық алынды. Браконьерлерден 257 балық аулау құралы, 62 су көлігі мен 12 автомашина тәркіленді. Балық ресурстарына 400 млн теңгеден астам залал келтірілді», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен.

Жайық өзенінің арнасы мен Каспий теңізінің акваториясындағы су айдындарынан жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын 663 заңсыз балық аулау құралы табылған.

«Бекіре – 2023» акциясы 31 мамырға дейін жалғасады.

Еске сала кетелік, бұған дейін браконьерлер Атырау облысында 64 млн теңгенің балығын қамыс арасына жасырып кеткенін жазған едік.

Кейін Атырауда қамыс арасынан браконьерлер жасырған 105 млн теңгенің бекіресі табылғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар